Өлеңдер ✍️

  14.05.2022
  144


Автор: Назира Бердалы

Бар адамға берілгені – бір өмір...

Бар адамға берілгені – бір өмір.
Кейбіреулер бұл өмірде шіреп жүр,
Ал біреулер біреулерді сүйеп жүр.
Кейбіреуге соқыр тиын зар болып,
Енді бірі ақшадан қар күреп жүр.
Біреулер жүр біреулерге ғашық боп,
Біреулер жүр біреулерден қашық боп.
Біреулер жүр теңіздейін тарылып,
Бір кездері тасып, тасып, тасып боп...
Біреулер жүр ар-ұятын қамал ғып,
Ал біреуге қажет емес адалдық.
Өмір – күрес.
Тайталасқан Күн мен Түн,
Ақ пен Қара,
Жақсылық пен жамандық.
Өмір – күрес.
Біз де мұны білеміз.
Жығыламыз, сүрінеміз...жүреміз,
Аңыраймыз, еңірейміз, күлеміз
Айқайлаймыз, абалаймыз, үреміз...
Жек көреміз, өлтіреміз...сүйеміз.
Бәрібір де бір-ақ өмір сүреміз.
Сабаламыз, қағыламыз крестке
Сағынамыз, түскенде өткен күн еске.
Жоғаламыз – үзілгенде ақтық дем,
Дәл сол сәтте толастайды күрес те.
Қоғамдағы сылдыр сүт те, қаймақ та
Кездеседі.
Ғаламат бір аймақта.
Бәрімізде өлшеулі бір ғұмыр бар,
Маңыздысы – жолығамыз қай жақта?...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу