Өлеңдер ✍️

  13.05.2022
  108


Автор: Назира Бердалы

Жақынымнан алыспын, жатқа – жатпын...

Жақынымнан алыспын, жатқа – жатпын,
Жүрегімді, сенсеңіз, сақтамаппын...
Көйлегіне, көркіне мақтанатын
Көбелекпін – көзсізбін – ақ қанатпын!
Көбелекпін, бас тартқан гүл-дүниеден,
Алғашқы емес, соңғы рет «сүйдім» деп ем...
Сүйген жоқпын, соңғы рет күйдім, білем –
Ашық алау басында би билегем...
Сезім боп бұл би әлде келіп пе еді?
Бұрынғыдай көңілім желікпеді...
Өртеп жатыр өзімді, өлеңімді
Өмірімнің кездейсоқ кейіпкері.
Кейіпкерім, көк оттан көз алмаған,
Кейіпкерім, бақытқа төзе алмаған,
Өрте мені – көңілсіз көбелекті,
Қанатының күйгенін сезе алмаған.
Күзгі бақта...
Күл боп ұшқан ғұмырым сайрандар да,
Гүлдерім жайраңдар ма?
Әлі де жаңбыр күтем...
Тек, Күні өлген көбелекке
Жаңбырдан қайран бар ма?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу