Өлеңдер ✍️

  13.05.2022
  112


Автор: Қазбек Құттымұратұлы

Қайран, менің өмірім, өтудесің...

Қайран, менің өмірім, өтудесің,
Ұзын жолдың, сен, бәлкім, шетіндесің.
Белгілі ғой, әрине, өкінбесім,
Дәл осындай сапарға бекінгесін.
Күндер жылжып, жылдарға ұласуда,
Түн ішінде тұншығып тынасың ба?
Жалғыз соққан жүрегім тым жабығып,
Өлеңге де сенбейді сыр ашуға…
Кеуде керген әр демім – азап, азап,
Ақыл-ойым қапия қазаға жақ.
Көкіректің бықсыған шаласы көп,
Қайдан оңай болады тазаламақ?
Жанайқайдан соңғы дем даусы басым,
Тамшыласын көзден қан, тамшыласын.
Жаным, қашан азаптан аршыласың,
Қайран өмір, сен қашан таусыласың?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу