Өлеңдер ✍️

  13.05.2022
  138


Автор: Қазбек Құттымұратұлы

Кім біледі?

Білмейтіндер көп әлі,
Жоқ өмірдің жұмағы мен тозағы –
Өз қабірін әркім өзі қазады,
Өз бақытын әркім өзі табады.
Жақсылығым қайтпады- деп мұңайған
Өкпелегіш көпті көрдім Құдайға.
Дәл осылай “қайырымшыл” саудагер
Тиын беріп, кейін теңге сұрай ма?
Кім біледі,
Білмейтіндер көп әлі,
Мойнымызда қанша жанның обалы?
Қанша алдадық,
Қанша алдандық өзіміз –
Соның бәрі кетпейді екен жоғалып…
Бұл өмірде әрбір қадам маңызды,
Бәрінің де сұраукы бар тәрізді.
Үлгере алсақ жарар еді, достарым,
Күн батарда үлестіріп қарызды.
Кім біледі,
Білмейтіннің бірі – мен,
Білместіктен күніне мың сүрінем.
Маңдайымды тасқа соғып күнімен
Шым-шытырық түс көремін түнімен.
Қос дүние,
Екеуіне де бөтенмін,
Кім айтады ақиқатын кеселдің –
Тағдырымды жазып жатыр ма екенмін,
Қабірімді қазып жатыр ма екенмін??




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу