Өлеңдер ✍️

  13.05.2022
  114


Автор: Қазбек Құттымұратұлы

Жүректі тас етті ме кілең “мықты”...

Жүректі тас етті ме кілең “мықты”,
Кешір мені, ағажан, ренжіттім.
Ренжітем деген ой жоқ-ты менде
Әттең, әттең, күшім жоқ көк тіреуге.
Тау суындай мөп-мөлдір пейіліңді ұғып
Көрсетер ем анаңдай мейірімділік –
Одан саған пайда не?
Бар ма пайда?!
Ерке тайлақ секілді жарда тайған
Жандайсың-ау.
Көрдің бе көп еркелік?
Қиялыңның көгінен өлең теріп
Мәз боласың сәбидей пәк күнәдан
Соның үшін қайғыдан жаттың аман.
Сендей болса, шіркін-ай, адам барлық
Нем бар еді дүниеде алаңдарлық.
Мендегі арман сол еді.
Амал қанша…
Біреуді біреу түсінбес заман болса.
Жақсылық пен жамандық қатар келіп
Айыра алмай
Барады сапар кеміп.
“Үйір болма, бауырым, тәттіге көп,
Ащы татсаң өзекті қақ тілер”- деп
Айтқан ақылы есімде әлдекімнің,
Шындық осы.
Білгенде мен де өкіндім.
Мейірімнен ғана нәр алып, бір көгерсең
Өліп кетіп жүрерсің мүлдем ерте.
…Кешір мені, айтпағым бұл емес-ті,
Аңыздарды қайтемін құрап ескі.
Шаршап кеттім.
Сезім жоқ, сілем біткен.
Сені емес, өзімді ренжіткем.
Қатігездіктің бір дәнін егіп саған
Жаным жараланғанын сезіп барам.
Түңіліп кеттің, келген-ді сыр ақтарғың,
Маған да оңай болмады.
Жылап қалдым…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу