Өлеңдер ✍️

  13.05.2022
  135


Автор: Қазбек Құттымұратұлы

Санамақ

Бір дегенім – Жалғыз Алла,
Дара Құдай, Бас Тәңір.
Дәргейіне шендеспейтін
Жеті Әлемнің аспаны.
Бүкіл Әлем біріккенде
Сонда тең боп тұратын
Бір дегенім – сол Құдірет,
Рахман һәм Рахым.
Екі деген – бір өмірдің
Екі беті секілді.
Бірі күліп тұрса, бірі –
Өкінетін секілді.
Бүтін тәулік құрап тұрған
Күн менен Түн – қос бөлшек.
Жақсылық пен жамандық та
Егіз болар ескерсек.
Біз де кезек саяхаттап
Фәни менен бақиға
Ақ-қара боп көрінеміз
Алыс пенен жақынға.
Өмір-өлім шекарасын
Талқан қылу үшін біз
Екіліктің басын қосу
Керектігін түсіндік.
Үш деген не? – Үшкілденген
Ошақтың үш бұты екен.
Ақыл, Қайрат және Жүрек
Адамзаттың құты екен.
Әуеде һәм Су астында
Және Жердің бетінде
Бар жындыға нәсіп қылған
Саяхатын өтуге.
Үшеу болар әрқашанда
Орнықтылық ұстыны,
Тумақ, өспек және өлмек
Дүниенің үш тіні.
Өткен күн мен болашаққа
Бүгінгіні қоссаңыз
Сізге уақыт басын иді
Жаңа өмірге бастаңыз.
Төрт дегенім– төрт құбыла,
Төрт мезгілі бір жылдың.
Көктен түскен төрт кітаптың
Қасиетін кім білді?
От және Су, Ауа мен Жер,
Төрт тегіміз және бар.
Жаратқанның сыры терең,
Шешермісің, санап ал…
Ойлан, ойлан, ойланғышым,
Осы жансыз төртеуден
Адам қалай өмірге кеп
Өсіп-өнген, көркейген?
Адам өсіп өнер ме еді,
Бесінші Нұр болмаса?!
Ол болмаса Тіршіліктің
Тіршілігі– далбаса.
Бесіншіге жеттік солай,
Нұр аталған Әлемге.
Бес саусақтың бекемдігін
Қане, ісіңмен дәлелде.
Төрт саусағың– төрт құбылыс,
Бас бармағың– Нұр болар.
Адам атты алып туар
Қатар жүрсе бірге олар.
Бесіншінің айдынының
Жүзіп жетсек шетіне
Сол арадан жол шығады
Алтыншы мен Жетіге.
Алтыншыда төрт құбыла,
Аспан мен Жер біріккен.
Жетіншінің құпиясын
Пенде шіркін, біліп пе ең?!
Бас пайдасын есептеуден
Шашы түскен “даналар”,
Мыңды қуып қайтесіңдер,
Саусағыңды санап ал…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу