Өлеңдер ✍️

  13.05.2022
  92


Автор: Қазбек Құттымұратұлы

Бармағы бар жыр

Жазам деп сан оқталдым салмақты жыр,
Онымды дос білмеді, аймақ түгіл.
Сырмінез, салқам аға айтты бірде
“Көрер- деп, ішке бүккен бармақты кім?”
Жанашыр, жақын тартқан пішіндегі
Осы сөз алаң ойға түсіргені –
Шынымен көріндім бе кейбіреуге
Жан болып бір бармағы ішіндегі?
Мазмұны меруерттей жарқыраған
Қазақы сөздің таныс парқы маған.
Көзіме Алдар Көсе алдындағы
Қарынбай елестеді қалтыраған.
Жыр деген – жүрегімнің жәдігері,
Өзге жұрт ол жайынан не біледі?!
Ішіме жасырғаным бармақ емес,
Бармақтай, Өлең атты, бағым еді.
Бұл заман өнерпаздың ауған бағы,
Пысықтар ел ырысын қаужаң қағып,
Бармақтай, маңдайдағы бақытыма
Сақау қыз құрлы көңіл аудармады.
Содан соң сәл өкпелеп өкіндім де
Жауып ем жыр-дәптердің бетін мүлде.
Сол кезде бір бармағым бүгілген-ді,
Көңіл де ұқсап қалған жетім гүлге.
Сонда да сырттан болып көрінуге
Тырысып,
Жол бермедім егілуге.
Саудагер – жаңа қазақ інішегім:
“Сол өлең неге керек?!”- деді бірде.
“Атаның алдын көрдің, ұя көрдің,
Ашуы кеш келеді зиялы ердің” –
Деп айтып, өзімді-өзім тоқтаттым да
Өкпемді өз ішіме жия бердім.
Осылай көрдім тағы тығырық көп,
Кеудемде жүрді ойларым тығылып көп.
Арманшыл, Айға созған алақаным
Тұр екен бір қарасам жұдырық боп!
Ақымақ баста ғана уайым жоқ,
Қолтықтан деме мені Құдайым – Көк!
Тас-түйін жұдырықты сақтап қойдым
Тұмсығын бір арсыздың бұзайын деп.
Кешсем де үйсіз-күйсіз қаңбақ ғұмыр,
Жазам деп сан оқталдым салмақты жыр.
Кеудеңде қыжыл сыртқа шығады екен
Ішіңе бүгіп жүрсең бармақты бір.
Біреуге байлық – бақыт,
Алтын – ардақ,
Дүр өтсе дүниеден, даңқы өалмақ.
Аспан көз, астам көңіл, ал не дерсің,
Дәл менің осы өлеңім – алты бармақ!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу