Өлеңдер ✍️

  13.05.2022
  120


Автор: Қазбек Құттымұратұлы

Қымбаттым- деп ем, күн батты...

Қымбаттым- деп ем, күн батты,
Тас түнек болды айнала.
Келші- деп, бері- үн қаттым,
Қолымды созып жай ғана.
Қолымды созып, соқырдай
Қарманып жүр ем жан-жақты,
Періште көздің отындай
Әлдекім келіп шам жақты.
Тым әлсіз сәуле күмәнсіз
Мұнарсыз қылды маңайды.
«Аңсарым тек сіз шығарсыз»
Деймін де Көкке қараймын.
Сен, сен ғой менің күткенім,
Сан ғасыр күнін тауысып.
Сарғайып солып бітті өңім,
Қарлықты қоңыр дауысым.
Жауын мен дауыл не түрлі,
Көрерміз өмір көшінде.
Сен өзің жаққан отыңды
Су құйып қайта өшірме.
Жақыным бар ма дәл сендей,
Жатбауыр болған жалғанда.
Ең асыл, қымбат нәрсемдей
Сақтасам деген арман бар.
Тәңірім маған берсе ерік,
Жұбатса деп ем өлеңім,
Жанарсыз жандай теңселіп
Қолымды созып келемін…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу