Өлеңдер ✍️

  13.05.2022
  80


Автор: Қазбек Құттымұратұлы

Құрғақшылық теңізінде малтып ем...

Құрғақшылық теңізінде малтып ем,
Су тамызбас тағдырыма өкпелеп.
Көкірегімнің мамыражай қалпымен
Жалғандықпен майдандастым жекпе-жек.
Бал арадай жинап едім гүлден нәр,
Кімге берем деген ой кеп қаужайды.
Өзіне өзі құл боп күйреп жүрген бар


Олар біздің қайдан ұқсын хәл-жайды.
Зеңгібаба бүйрегіндей сан бөлек
Бүйрегім бар, кімге бұрам, белгісіз.
Жарық жаққа ұмтылғанға бар көмек,
Жалғызбын- деп айтпаңызшы енді Сіз.
Армандардың қашаннан да жолы ұзақ,
Анау жұлдыз сәулесіндей сапарлы.
Сезімімнің қылын таққан қобыз ап
Жырлап берем бей-жай қылып жаһанды.
Сізге арналған жалғыз сәттік әуен бар
Өзегінде менің Ғұмыр-Күйімнің.
Сізден емес, тағдырымнан көрем бар
Бал мен уын қатар берген сүюдің.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу