Өлеңдер ✍️

  13.05.2022
  125


Автор: Қазбек Құттымұратұлы

«Жалғыз қайыңның» ізімен

«Жалғыз қайыңның» ізімен
Мейірімге біз дағы шөліркеп ек,
Сен де шөлдеп тұрмысың, қоңыр терек?!
Жалғыз тұрып жапанда мұңаясың,
Көрінбесең көзіне кім аясын?
Төбеңде құр қалбаңдап ұшқан қарға,
Тамырыңды қуалап тышқан қазған…
Мейірімге біз дағы шөліркеп ек,
Сенен тәуір екенбіз, қоңыр терек!
Өзегімді өртейді мына қайғы,
Қоңыр терек, мен сені шын аяймын.
Хәліңді кеп ешкім де сұрамайды,
Құлар болсаң жан жоқтап жыламайды.
Үйіп-төккен басыңа теперішін,
Тағдырыңды мойындап кетемісің?!
Бұтағыңа қонған құс бақыт сынды
Құлаған күні-ақ басыңнан кетер ұшып.
Тоғайыңмен қосылып салмай бір ән,
Жалғыз өтер боп еді қандай күнәң?!
Жарлының да болмай ма жалғыз аты,
Жапырағыңды тегі жоқ желге ұзатып,
Айдалада дауылдан қалбаң қағып
Сонша нені, қоңырым, армандадың?!
Тұл бойыңа жиған боп батылдықты
Тұрсың ба әлде айтсын деп «дәтің мықты».
Жалғыздарды ит-құс та қаузамай ма,
Бір басыңа от сүңгі – найзағай да
Қанша соқты сойылын! Жараң әлі
Жазылған жоқ, қанды ірің ағады әні.
Даралықты өзінен басқа жанға
Қимайтұғын Құдайым жазалады.
Талайларды тағдырдың қыл бұрауы
Буындырған. Сені де сындырады.
Қоңыр терек, десем де сені аяйын,
Тоғайыңдай қалайша бола алайын.
Артық қылам дегенде тыртық қылып
«Аю достық» жасайды көп ағайын.
Бірақ, бірақ мен сені шын аядым.
Жыңғыл да жоқ сырласар қыл аяғы.
Жалғыздардың бұл болса көрген күні
Нағыз «байғұс» екен деп мұңаямын.
Басыңды иіп дауылға келген беттеп,
Жапан дүзде жетесіз желге ермек боп,
Неге кеттің тобыңнан, тоғайыңнан –
Тірейтұғын арқаңды ағайыннан?!
Неге безді отаның – орманыңнан,
Сүйейтұғын қолтықтан қорғаныңнан?!
Момындығың басым ғой, момындығың,
Кімге жақпай қалдың сен, қоңыр күнім?!
Байқалмайды ел сүймес еркелігің,
Неге ендеше сүрмексің келте ғұмыр?!
Таяздықтан, терексің, бойың азат,
Мақтаншақтық әуелден бойыңа жат.
Жалт-жұлт еткен көркің жоқ, қоп-қоңырсың,
Неге ендеше жел өті – бетте тұрсың?!
Атағымды әлемге шығарам деп,
Әлде сені мақтаншақ бір адам кеп
Ажыратып туғаннан – ағайыннан
Шыбығыңда суырып тоғайыңнан
Жапанға әкеп тікті ме естелік қып,
Елге айтты ма сол ісін бөспелік қып.
Іні қалып, алыста аға қалып,
«Пәленшенің ағашы» боп атанып
Атағыңды асырап біреу үшін
Қоңыр байғұс, бір өмір сүремісің?!
Жел өтінде талықсып, талмаусырап
Бұл тұрысың – сол тұрыс болды-ау, сірә!
«Тәйт!»- деді қоңыр терек шашын сілкіп,
Жел дағы ызыңдауын басылды іркіп.
Шоқ-шоқ боп боз жусандар аңтарылды
Жантақ та көзін тікті жасыл кірпік.
«Айналайын, сабыр ет, аяғышым!
Қорлығымды келіп пе ең санау үшін?!
Атақ үшін бой өссе, тамыр өспес,
Бұл тұрысым– туған жер– далам үшін!
Рас, менің көзімде тұнады азап,
Мүсіркеме, батады мына мазақ!
Талшыбықтай талдырмаш кезеңімде,
Қырға әкеліп қадаған Бір Азамат!
Бір әулеттің Азамат қорғаны еді,
Тоғай ету ауылын арманы еді.
Келер ме еді арманға жетер де күн,
Соғыс, соғыс…
Бағым сор екен менің!
Аттанғанда майданға Азаматым
Тамырыма тапсырды аманатын.
Ағайынға тапсырды кәрі әкесін,
Көк төбетке тапсырды көне қосын…
Содан бері қанша жыл өтті зулап,
Замана жел, арманды кеттің ұрлап.
Қыр басынан жай тапты сол қара шал,
Көк төбет пен көне қос бопты жұмбақ.
Жоғалды бір шаңырақ– мен куәмін,
Соғыс бітті, тарқады шер тұманы.
«Азаматтың ағашы» атандырып
Ел-аймаққа есімім болды мәлім.
Ер өлсе де ел қалса тез жетілер,
Жомарт еді сол жылдар жер беті де.
Мұқтаж болып көрмеппін мейірімге
Тоюшы едім ауылдың пейіліне.
Тірі жанға тигізбей, малдан қорып,
Жас-кәрісі жүруші ед қорған болып.
Ұя салып, құс терсе өмір сыйын,
Ұнаушы еді дәл осы қоңыр күйім.
Жалғыз қалып көрмедім.
Елмен бірге
Жапырағыма жан бердім, тербелдім де.
Бір тұрғыны секілді осы ауылдың
Ерке қыздың бой жетіп,
Асау ұлдың
Атанғанын азамат, бәрін, бәрін
Келмеуші еді көзімнен таса қылғым.
…Қайран күндер! Сол қызық ерте кетті,
Жалғыздық кеп жанымды желкен етті.
Соғыс сындыра алмаған ауыл еді,
Нарық деген нақұрыс желкелетті!
Жастар көшті жиналып қала жаққа,
Құр томпайып қарттар ғой ана жатқан.
Өңшең мылқау құлпытас арасында
Қап-қара боп көрінер маған ақ таң!
Аяқты адам шерімнен білер нені?
Бұтағым мен тамырым білемденіп
Жалғыздықтан жан шошып,
Тоғайыма
Кетем деп ем, тамырым жібермеді
Содан бері тірліктің сұрқы қашып,
Жалғыздық пен жабығу бір тұтасып,
Көшкен жұртта, жылаған жел өтінде
Мен – ауылдың жаны бар құлпытасы.
Күлбілтелеп қайтейін, күмәнді етіп,
Біз – қираған кемеміз, лаң жетіп.
Азамат пен ауылдың аруағына
Жөнеле бер, жолаушым, дұғаңды оқып.»




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу