Өлеңдер ✍️

  13.05.2022
  102


Автор: Қазбек Құттымұратұлы

Жүрегіңді жұбатпайды өлең еш...

Жүрегіңді жұбатпайды өлең еш,
Бұл не деген тастан да ауыр керең ес?
Өз көріңді өзің қазып күні-түн
Ақын бол деп саған айтқан мен емес.
Өмірдің көп бұралаңы, бұлтағы
Тасбақа да нәпақасын жүр тауып.
Өзі білмей, білген тілін алмаған
Адам бол деп айтқаным жоқ мен тағы.
Өкпек желдің аман өткен жүзінен
Бір жапырақ самалға да үзілер.
Қанға тоймас қызыл итсің сен нағыз,
Айырмасы - өз сүйегің мүжіген.
Солай, солай - бұл өмірдің шындығы,
Қабырғаңа батқанменен жыр жүгі
Бір тойдым-ау деп шалқалап жатарсың
Жүрегіңді жұтып қойып бір күні.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу