Өлеңдер ✍️

  13.05.2022
  111


Автор: Қазбек Құттымұратұлы

Жалған кезіп Жарды іздеумен зарланған...

"Жалған кезіп Жарды іздеумен зарланған
Пақыр едім, көрдім сені.
Бар ма арман?
Таныдың ба, қасиетті қабырғам,
Қалыбымда қалжыраған, шал болған?!
Қамыр болды сақалдан жас құмға аунап.
Қайырлы бол, қара көзде тұнған бақ" -
Жамалы айдай хас сұлудың алдында
Әжім-әжім бір қара шал тұр зарлап.
Қартты бірі ғайбаттайды, бірі аяп
"Бізді ақыры кездестірген Құдай ақ" -
Деп қария қайталайды дұғасын
Ал қыз болса қашып берді қу аяқ.
Ұшты бақыт,
Қартты Құдай қалды атып,
Кетті сұлу бейшараны зарлатып.
Екі қолын созады ол: "Тоқтай тұр,
Сақалыммен мәсің сүртсем - сол бақыт...
Танымадың, көзің тұман мәңгірген.
Жаным, әнім, ажырай ма мәңгі іргем?
Сенен шыққан жалғыз ауыз сөз үшін
Тамұқты да төңкеруге бармын мен."
Шал жылайды өкше ізіне сәжде етіп,
Бұдан асқан бақыт жоқтай өзге түк.
"Бұл өмірде бар болғаның үшін-ақ
Мен Аллаға рахмет айтам, көр де тұр..."




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу