Өлеңдер ✍️

  13.05.2022
  132


Автор: Қазбек Құттымұратұлы

Ғашық болмақ, тасып толмақ Құдайдан...

Ғашық болмақ, тасып толмақ Құдайдан,
Күреңтөбел күндеріңе үйрендім.
Мені әлі аңсап, мұңлықтайын мұңайған
Сол бір жанды мен де әйтпесе сүйгенмін.
Әр көңілдің айтары бар өзіндік,
"Сондай болсам" деген арман қалмайды еш.
Бір қиялға жұмып жатып көзімді
Айтсам ба екен деп ойлаймын, бармай "қош".
Тәні тәркі жазығы не жанымның,
Өркөкірек болғысы бар ол да аса.
Кірпігімен көк түйреген арудың
Сәл-пәл аяп қарағаны болмаса.
Жұмағамдай жырламадым жиренді,
Маған тиді құла менен торы кіл.
Түсіме де күңгірт күндер кірген-ді -
Өкпелегіш өміріме жорыдым.
Әй, сонда да бұл кеудеде бар-ау күш
Сабырменен қарсы алатын бар сынды.
Өмір, сенің өкпегіңе мың алғыс
Алмастай қып шыңдап берген даусымды.
Ғашық болмақ, тасып толмақ Құдайдан,
Келер тағы құдіреттің ақ құсы.
Бақыт жайлы бас ауыртқан мың ойдан
Бақыттырақ сол сезімнің саф күші.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу