Өлеңдер ✍️

  13.05.2022
  95


Автор: Қазбек Құттымұратұлы

Армансыз да біз едік, арманы көп...

Армансыз да біз едік, арманы көп,
Жетелейтін әйтеуір алға жүрек.
Көкіректен көп Арман сусып қашып
Қайран жүрек, қалған ба ол да жүдеп?
Біз жас едікАрманмен құрдас едік,
Мұңға сенбей, жүргенбіз жырға сеніп.
Біз есейдік, қап қойды сәби - Арман,
Үміт те жоқ, қалды ма ол да сөніп?
Өкпелеме сен маған, өткен күнім,
Бүр атпаса қайтер ең еккен гүлің?!
Торғай-үміт кеткен-ді тырнағында
Тағдыр атты қатігез бөктергінің.
Өкінбеймін, бос қайғы шекпен бекер,
Көрмегенді көрермін, өткен кетер.
Білесің бе?
Армандай Ақ Жайықтың
Буырқанып тасуы көктемде екен...
Тасып-тасып мен дағы басылғанмын,
Аппақ гүл ем, жусандай жасылдандым.
Жаным сүйіп ұнатқан асыл жанның
Сүйіктісі бола алмай тосылғанмын.
Қош ендеше.
Жары бол жат біреудің,
Шын көңілден өзіңе бақ тілермін.
Жүрер менің жанымда жалғыз ғана
Сенен қалған естелік - тәттілеу мұң.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу