Өлеңдер ✍️

  13.05.2022
  92


Автор: Қазбек Құттымұратұлы

Жаным менің, шырқырама...

Жаным менің, шырқырама,
Сеніменен бірге құлап, бірге өсем,
Мен қалайша көп атынан сөйлеймін
Көптің күйін өз көзіммен көрмесем...
Мен дегенім - мынау Әлем мәңгілік,
Бар Әлемнің құпиясын жинаған.
Тереңіме қиялымды шам қылып
Сүңгімек боп қиналам.
Сен өзіңді өмірмін деп көрдің бе
Өлмейтін?!
Құлдығыңнан құтылмасаң сен мүлде
Еркіндіктің не екенін білмейсің.
Бұл өмірдің әділ заңы болды ащы
Жылу көрген жылы ұяңды қия алмай
Қалып қойсаң, қалай қыран болмақсың?!
Түйсігімнің тілінен ап бір жұмбақ
Тірілтіп ем, түсіндіре алам ба...
Өмір бойы өлмес арман қуғындап
Жетер жерім - қырдың басы, молаң ба?
Аласалық етеді ғой бұл биік,
Мазағыңа көнем бе?
Мен түсінген өмір сыры - тұңғиық
Мен түсінген Әлем сыры тереңде.
Қиялыңа құрық салған кім сенің,
Бауырым-ау, армандауға қорқасың.
Ғажап Әлем бар екенін бір сезіп
Тым болмаса ойың еркін болса-шы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу