Өлеңдер ✍️

  13.05.2022
  90


Автор: Қазбек Құттымұратұлы

Ақыл кетті...

Ақыл кетті,
Сезім қалды.
Жатым кетті,
Өзің қалдың.
Қаумалаған қауқылдап, қауымдасқан
Қалған сен ең қаптаған қалың достан.
Қабағыңа қар қатып үндемейсің,
Қасқайтып неге айтпадың жазым бассам?
Жоғалтқанмын бәрін де.
Қалған өзің.
Қарағым-ау, көрдің бе?
Бар ма көзің?!
Күңіренген көңілден күй тартайын
Үзілген үмітімнің жалға өзегін.
...Қызыл-жасыл дүние сұрқайланып,
Сен де кете бардың ғой сырт айналып.
Естімеймін ештеңе, түк көрмеймін
Дүние қалған жоқ па мылқауланып?
"Кеттің"- деп кінәлаған сөзім бекер,
Бәрінен жырақ кеткен өзім бе екен?
Жапан түзде қабарып балбал сынды
Жалғыз шекпен зарлы күй безілдетем.
Елемеймін, бар ма өзі тыңдар құлақ,
Өзінен-өзі безген мұндармын-ақ.
Жүректі одан әрмен шошытады
Қыранның қанатынан мұң жалбырап.
Сезім кетті,
Сана қалды.
Төзім кетті,
Бәрібір ... өзің ғана қалдың...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу