Өлеңдер ✍️

  13.05.2022
  104


Автор: Қазбек Құттымұратұлы

Жаным, мен ем сенің шын бағаңды ұққан...

Жаным, мен ем сенің шын бағаңды ұққан,
Айырып ап қалың ел, тәмам жұрттан
Жақсылыққа жеткізсем жарар еді
Қимай, алып қалып ем жамандықтан.
Жамандық па?
Қате айтсам кешіргейсің.
Мәңгіден келген өмір көшіндейсің.
Жаныңның тереңінде жалының бар,
Сенемін, ешуақытта өшірмейсің.
Өмір қандай қиын ед.
Күн қатулы,
Көңілдегі көл беті мұңға тұнды.
Арамызда қаншалық Ғалам жатыр,
Жанымдасың сонда да.
Тым жақынбыз...
Көп көрдім ғой деуші едім.
Сен бөлексің.
Соны ұққалы хәліңді мен де кештім.
Отқа күйген қанаты көгершінім
Соны ұмытып,
Жанымды емдемексің.
Ұмытылмас...
Әрине, бәрі есіңде
Келе жатыр көңілдің кемесінде.
Соның бәрін ұқсам да, түсінсем де
Қия алмадым ешкімге.
Сенесің бе?
Жеңе аламын.
Бәріне күшім келген.
Құпия да көп-ақ қой ішімде өлген.
Қия алмасам ешкімге, бәлкім бәрі
Сенің сырлы жаныңды түсінгеннен...
Сезімдерді баяғы сөз етпе, жыр,
Өмір жайлы ұққаным бөлек қазір.
Сен екеуміз кеткелі басқа әлемге
Жұмақ та бір мен үшін,
Тозақ та бір...
Біздің әлем - Домбыра.
Қос шегі - біз,
Немесе бір қайықтың ескегіміз.
Белгісіз боп қалар-ау адамдарға
Біздің қандай мұхитты кешкеніміз...
Бір домбыра, егіз шек - ол мына біз.
Пернелері - өткен күн, сан мың аңыз.
Бір күй керек Әлемге өзгешелеу,
Тиегіміз-ді неден қондырамыз?..
Жаным!
Мен ем сенің шын бағаңды ұққан,
Ғұмырымды сыйлаймын адалдықтан.
Мен өзгердім.
Бұрынғы сезімдерім
Өткен уақыт көшімен жанарда ыққан.
Күн өтеді...
Бір күні көз де сөнер.
Саған мендей ұғар жан кездесе ме?
Көз алдымда қаншама өзгерсең де
Бәрібір арманымсың өзгешелеу...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу