Өлеңдер ✍️

  13.05.2022
  98


Автор: Қазбек Құттымұратұлы

Расында да топырақ екем мен сенсіз...

Расында да топырақ екем мен сенсіз,
Біздің ғұмыр махаббатпен өлшенсін.
Құдайлығымды дәлелдер ем өзіңмен,
Сен де осыған, сен де осыған сенсеңші.
Құдайлығымды көрсеткім жоқ құртумен,
Сайтандығым сап болады күлкіңнен.
Саз балшықтан соққан күйі қалғанша
"Уһ" деп шығып, жайын тапсын шіркін дем.
Сенен келген, сенен жеткен саз бөлек,
Жүрек қылын тап басатын наз да ерек.
Бұл сөзімді жеткізетін сөз жоқ-ау,
Бір-ақ көріп жаттап алар көз керек.
Сендік жанның шымырлаған сәулесі
Талқан етер тоғышарлар тәубесін.
Жарыққұмар жүрегіме сен үшін
Қиын емес, қиын емес жан кешу.
Жарылғандар жарылар тек ағынан,
Төзген жан ем тозақтың да табына.
Менің жалғыз тілегім бар.
Күні-түн
Құдайымды сақтай көр!- деп жалынам.
Расында да топырақ екем мен сенсіз,
Біздің ғұмыр махаббатпен өлшенсін.
Құдайлығымды дәлелдер ем өзіңмен,
Сен осыған сенсеңші...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу