Өлеңдер ✍️

  13.05.2022
  123


Автор: Қазбек Құттымұратұлы

Мен саған ғашық болсам қайтер едің...

Мен саған ғашық болсам қайтер едің,
Толтырып кеуіп қалған сай кемерін.
Бұрынғы сезімдерден мүлде бөлек
Жаныңды бір ғажайып үнге бөлеп,
Көзімнің жылуымен әлдилесем,
Сол оттан Күннің өзі солғын десе.
Тамырдың соғысынан күй ойнатып,
Шақырсам тырналарды тыраулатып,
Мәз қылсам қапалыны мұң шағатын,
Бар Әлем құдіретіме исе басын,
Жүзімнен мейірімді үн естіліп,
Сол үнді барлығыңа үлестіріп,
Әлемді өлең етсем өзің үшін.
Бар адам ниетімді тез ұғысып,
Ұмытып бар үміттің өшкендігін
Өзімнің қиялыммен кешсем ғұмыр.
Қызғалдақ бүртігіндей нәзіктігі
Сезімді сеніміме қазық қылып,
Мәңгілік бақытымды тым қызғанбай
Сырымды жайып салам жұлдыздарға,
Шомылып пейіліңнің сағымына
Мен сүйсем солай сүйем, Жарығым-ау...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу