Өлеңдер ✍️

  13.05.2022
  93


Автор: Қазбек Құттымұратұлы

Түн

Қараңғы түн бұл неткен?
Жалғыз жүрмін адасып қап дүрмектен.
Көкірегімде көл-көсір бір күй ойнап
Кірпігімде жыр кепкен.
Оу, сонда да қараңғы түн неткен бұл?
Түк көрінбес. Аспан қайда көктеңбіл?
Әр нәрсені мағынасыз сипалап
Бір бағытқа кеткенмін.
Жол болмады. Тасқа тиді маңдайым,
Удай ащы жас татыды таңдайым.
Маңдай емес, таңдай емес, жүректе
Үмітім бар, соны өшіріп алмайын!
Үміт барда аулақ қайғы, аулақ мұң.
Талабыммен теңіз кешіп, тауды астым.
Жол да азайып, таңғажайып бір түні
Үмітімді үрлей-үрлей шам жақтым.
Қара түнді кейін серпіп
Сыйқырлы
Сол бір сәулем жылу берді біртүрлі.
Қарашығымда жалын тұрды атойлап
Көкірегімде күй тұнды.
Мәңгілікке кетпейтұғын есімнен
Мен осындай керемет күй кешіргем.
Жыр-ән қашқан, мұнар басқан бір күні
Мұңды жел кеп үмітімді өшірген.
Тағы да түн. Жұлдыз да жоқ. Ай да жоқ,
Жұбатқандай шашым сипар майда леп.
Жүрек қана елегізіп дүрсілдер
Сол бір сәулем қайда?- деп.
Солай, солай үзілді де келте жыр.
Сезім қалып, алға тартты өр көңіл.
Қап-қара түн.
Жоқ тағатым, қарманып
Жүріп келем әйтеуір.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу