Өлеңдер ✍️

  13.05.2022
  120


Автор: Қазбек Құттымұратұлы

Құйрығы жоқ, жалы жоқ, құлан қайтiп күн көрер...

Құйрығы жоқ, жалы жоқ, құлан қайтiп күн көрер,
Аяғы жоқ, қолы жоқ, жылан қайтiп күн көрер?!
Менсiз-ақ сен күнiмдi көрем дейсiң, қарағым,
Ал мен сенсiз бақытты қайдан iздеп табамын?
Ақыл айтар көп адам, сөздерiнiң жаны бар,
Бұл ғаламнан шынында талай мұңды табылар.
Басы емессiң сен соның, соңы болам деймiсiң,
Бар Әлемнiң дертi бұл, талайлардың жейдi iшiн.
Мен өмiрдiң шаттығын сен арқылы сезген ем,
Ендi мiне, мұңды да сен арқылы жүз көрем.
Соның бәрi жанымның қалып қойды есiнде,
Қазынамдай қастерлi алып келем өшiрмей.
Ұмытшы- деп қинама. Өзiңе аян бұл күйiм,
Сенi ұмытып, қалғанын алып қалу тым қиын.
Өзiң едiң Арманның асқақтығын ұқтырған,
Тағы да сен жалғанның қашқақтығын ұқтырған.
Рахмет сол үшiн, сол үшiн-ақ ырзамын,
Бiр өмiрдi аяқтап, бiр өмiрде жүр жаным.
Жұмақ пенен тозақты көрiп қойдым мен өстiп,
Тамұғың да мен үшiн қорқынышты емес түк,
Саған деген мендегi нұрдан қалай артылсын,
Пейiштiң де пейiлi болып қалды жарытымсыз.
Қиялыммен мен солай жасап алдым бiр Әлем,
Онда тағы сен қалдың. Кешiр менi, кiнәлi ем...
Сол Әлемде өзiңмен жүрмек едiм қалықтап,
Сенiң ойың жерде екен, бiлiп қойдым анықтап.
Маған ауыр болса да үмiтiмдi қырқамын,
Ақ қанатты перiштем, қауырсыныңның бiр талын
Естелiкке алып қап, қоштасамын өзiңмен,
Сонан соң ше, мәңгiрiп, мәңгiлiкке көз iлмей
Жыр жазамын қауырсын қаламымды қолға алып,
Көп күйбеңнен күйiнген көңiлдерге ол да азық.
Құйрық-жалсыз құланның күн көрерiн дәлелдеп,
Аяқ-қолсыз жыланның күн көрерiн дәлелдеп,
Жалғыз ғана өзiңсiз жүрем деуге күш жетпей,
Экранынан көңiлдiң сен қатысқан түс кетпей,
Саған деген кiршiксiз сезiмiмдi ән қылып,
Қалып қоям көңiлiңнiң күмбезiнде мәңгiлiк...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу