Өлеңдер ✍️

  13.05.2022
  93


Автор: Қазбек Құттымұратұлы

Сағындың ба екен сен менi...

Сағындың ба екен сен менi,
Сарғайып кетiпсiң ғой тым.
Ұқпапсың бiрақ, мендегi
Көмбелi сырды бiлмейсiң.
Жан адам түсiнбес сыр бұл,
Ұғам деп қиналма босқа.
Өзiм де бәрiн кеш бiлдiм,
Қалай- деп сен де жақ ашпа.
Сағынарсың-ау сен әлi,
Күтуге тура келер көп.
Есiңе ап жүрсең болады
Келер- деп бiр күн елеңдеп.
Шықпақпын алыс сапарға,
Қайтарым қашан, белгiсiз.
Өмiр деп мына аталған
Түбiне бойлап көргiсiз
Сырлы да терең өлкеге
Жұмбағын iздеп жол тарттым.
Айналып бiр күн мен келем,
Сұлбасын тауып соқпақтың.
Есiмнен кетпес сол өңiр,
Өзiңнен тапсам бiр дерек.
Жанымның танып керегiн
Бас исем ғажап үнге кеп.
Сезiмге сүңгiгенiм бе,
Тамырда қаным салды ойнақ.
Кiр шалмаған бар көңiлге
Сырымды айтсам айғайлап:
-Жаныма маза бермей тым
Қаумалап жүрген сұрақ көп,
Ғаламның сыры өлмейтiн,
Көкiрегiме кеп тұрақ теп!
Жұмбағын өмiр зерттемей
Шықпаспын, сiрә, құмардан.
Көңiлден бiр сәт кетпеген
Бар менде сондай бiр арман!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу