Өлеңдер ✍️

  13.05.2022
  149


Автор: Сайламқан Мұстақиұлы

Дара шумақтар

Əдеті кемшіл адамның,
Десесінде дерт болар.
Ұяты кемшін адамның,
Нəпсісі жеңсе мерт болар.
***
Бағалы зат болмасаң да тым ерек,
Архелогтар қазып алған құм шелек.
Тарихтың мың жылымен құндысың,
Беретұғын бүгін үшін тың дерек.
***
Не сиқыр бар ақшаңда,
Жұлдызды анау аспанда.
Мойыныңа асылды,
Моншақтай боп ақшамда.
***
Жаман ғой шықса сыздауық,
Ішіне ірің жинаған.
Ауызы шықпай сызданып,
Мазалап жанды қинаған.
***
Дүние мүлік көз құрты ғой дұшпаның,
Қаржың болса қажылыққа үш барғын.
Білегіңде білезік те сап алтын,
Қымбат екен тамшы сүті тышқанның.
***
Өмір деген марафон,
Жалау жалғап жүгірер.
Шын жүйрікті көргенде,
Жанынан жалқау түңілер.
***
Тарих жатсын тамырлас өлеңінде,
Өмір жатсын өріліп өзегінде.
Жаттатам деп жат елге дəмеленбе,
Оқылмаса өлеңің өз еліңде.
***
Қалыңдатып көп жазсаң,
Оқырманың шошиды.
Жұқа кітап ұсынсаң,
Оқырманда оқиды.
***
Кешірейін тағы да бір баласың,
Ақылың болса жақсыдан тəлім аларсың.
Əке аузын боқтасада сықпитып,
Боқтамайды біздің қазақ анасын.
***
Тəрбиені білімді қаламаған,
Көкірегі көр соқыр надан адам.
Ақиқаттан қашады сауапты істен,
Арсыздыққа жаны үйір жаман адам.
***
Жан болмаса нəпсісін армен тиған,
Тұра ма оның бойында асыл иман.
Шəриғатты бұрмалап пайдасына,
Құран сөзін саудаға салса имам!
***
Сағым бақыт сандалтып бұйырмаған,
Сені қуған із азба шиырлаған.
Бақытты адам меніңше бұл жалғанда,
Өміріне көңілі риза адам!
***
Үміт үзіп сөзіңді де кесетпе,
Енді қайтып кездеспейміз десек те.
Өмір жолы қиылысқан бір күні,
Кездесуің мүмкін ғой бір бекетте.
***
Мықтымыз деп жүргендер,
Бірі ай, бірі күн болып.
Қалары оның белгісіз,
Тарихта кім болып.
Темір болса таттанар,
Топыраққа көмгенде.
Алтын болса жарқырар,
Кейінгілер көргенде.
***
Əр пенденің басында бар бір қиял,
Оның сөзін бұл күндері кім тияр.
Орақ орып ауызбен қиналмастан,
Болмысы бар бəрінде “идеял”.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу