Өлеңдер ✍️

  13.05.2022
  84


Автор: Сайламқан Мұстақиұлы

Дара шумақтар

Ашындырад өмірде кей қылықтар,
Күлетін де талай-талай қызық бар.
Мен де қоғам бір мүшесі болған соң,
Өз басым да сондай іске кіріптар.
***
Бақты тепсең заман берген басында,
Сор кеп қонар шақыртпай-ақ қасыңа.
Сор келген соң сорлатуы керек қой,
Ол, қарай ма кəрі менен жасыңа.
***
Аяңынан өгіздің ерінбейді,
Қамшыланып, болмаса тебінбейді.
Күн батқанша жететін жерге жетпей,
Жол ортаға тал түстен ерулейді.
***
Алуан-алуан өмірде пенде болар,
Қол аяқтан кей бірі кем де болар.
Денсаулығын мақтан қып бос қалғандар,
Ақыл-ойдан меніңше кенде солар.
***
Түсі бірдей дегенмен бар түйенің,
Жайын білер кірекеш əр түйенің.
Атан күш қайтқаны жолдан тайса,
Шөп шайнары қалмаған кəрі түйенің.
***
Қалмапты ғой біреуі де жолдастың,
Мен деген сөз меншігіңде болмасын.
Біз деген сөз бір іліктің белгісі,
Менменшілдің білеміз ғой оңбасын.
***
Арам шөп басқан аулаға,
Қош иісті гүл ексең.
Ұлы Абай бізді кешірмес,
Сөз патшасын құл етсең.
***
Бойын көріп күшік итке балағам,
Сөйтсем оным кəндек екен қабаған.
Бір өлеңі түсті есіме Абайдың,
Балтырыма қарап тұрып қанаған.
***
Жазыла берер жалғасып өмір өлең,
Жазығы да ылдиы, өрі де өлең.
Айтып келем əлімше өмір əнін,
Жүрмесем де алшаңдап төріңде мен.
***
Қаға алмассың сен оның арқасынан,
Ұйықтап жатса ол əлі шалқасынан.
Оятуға шынайы ниет қылсаң,
Сипаларсың қазы мен қартасынан.
***
Аласаң да, ортаң да, биігің де,
Тыс қалмайды назардан киімің де.
Айна дейді-ау қоғамды, ол апарат,
Бақылауы өзінің билігінде.
***
Жасаудан өмір жалығып,
Сия алмасаң кең жерге.
Пышаққа түс те жарылып,
Мүрделер жатқан ен көрге.
***
Пайдасын қойып қоғамға,
Тигізіп жүріп зиянын.
Түйсіну дейтін жоқ онда,
Кім білсін қайда сиярын.
***
Өмірге бір-ақ нəрсе тірек екен,
Ол сенің кеудеңдегі жүрек екен.
Соғуын ол мəңгіге тоқтатқанда,
Адамда сондық ғұмыр сүреді екен.
***
Түлкідей қулық баққанды,
Залым демей не дейміз.
Ізденіп өнер тапқанды
Ғалымдарға теңейміз.
***
Бұл уақыт аялдап тұрмайды екен,
Жасын қосып, жастықты ұрлайды екен.
Көңілі жоқ қыздардай тосқаныңмен,
Өткен күндер мойынын бұрмайды екен.
***
Бақ қонғанда теңселіп,
Танымаса құдайын.
Сорлағанда сенделіп,
Болған жандар мүлəйім.


***
Саған да бір істедім деп жақсылық,
Мінем деме ер-тоқым сап ат қылып.
Сен де оның жақсылығын ұмытпа,
Екеуі де адамдыққа жат қылық.
***
Жатса да іште аналықтың мейірі,
Тапшылықтан тарылып тұр пейілі.
Ойнап келген соң сегіздегі ұлына,
Табысың жоқ тауықтай деп кейіді.
***
Өмір күрес бір майдан ұт таласып,
Шеттей берме бəрінен ұқ жанасып.
Адам деген атың да, затың да бір,
Таразыңды басып тұр, тек санасып.
***
Оқимын өздеріңе жырларымды,
Ойымды ортаға сап сырларымды.
Халықтың қашандағы шəкіртімін,
Ұстазым қабыл алам сындарыңды.
***
Шарапқа болған мастықты,
Шаттығы деме көңілдің.
Ойынмен өткен жастықты,
Бақыты деме өмірдің.
***
Шаужайлап албырт сезімді,
Ақылға қане бағынам.
Болмасаң жаным төзімді,
Құр кеуде сені не қылам.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу