Өлеңдер ✍️

  13.05.2022
  108


Автор: Сайламқан Мұстақиұлы

Аға тілегі

Шамаламай менің білім өремді,
«Жаза бермей майда-шүйде өлеңді».
«Жығылсаң да жығыл деген түйеден»,
Прозалық кітап жаз дейді көлемді.
Ауыр талап қойдың деймін неге сен,
Кітап жазу оңай емес деймін мен.
Кімге керек маған ұқсап тұрғаны,
Төрт аяғын баса алмаса тепе-тең.
«Қорғаншақсың жастайыңнан білемін,
Дауаламайд бұған сенің жүрегің,
Ұмыттың ба, кеше ғана əкелер,
Айтып кеткен арыз-арман тілегін».
Оның рас мен де оны білемін,
Іштей əр кез толғаныста жүремін.
Сол күндерді көз алдыма келтірсем,
Жаурағандай күй кешеді жан – жүрегім.
«Естен кетпес кешкен күндер кешегі,
«Мəдениет зор төңкеріс» кеселі.
Таусылмайтын тақырып ол жаза алсаң,
Бір пұшпағы саған-дағы жетеді».
«Ешкімге жоқ дей алмайсың қарызым,
Мынау бес күн шекті пəни жарығын.
Өткенді де, бүгінді де пайымдау,
Есті болсаң өтеу міндет парызың».
Жазсаң егер ой саларлық сырмен жаз,
Удай ащы ойып түсер тілмен жаз.
«Акюлер» əкіреңдеп би болған,
Құйтұрқы сол заман сиқын зілмен жаз.
Мені жүрген осы бір ой мазалап,
Саған осы іс тапсырылған аманат.
Келісе алсаң қолыңды бер, бауырым,
Деп жүрейін сені де бір азамат.
Бұл айтылған саған тілек, өтініш,
Сөзің сабын, болмасын тек көпіргіш.
Жаза алмасаң сол жылдардан бір кітап,
Өксік қалған өзектегі өкініш.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу