Өлеңдер ✍️

  13.05.2022
  108


Автор: Сайламқан Мұстақиұлы

Табиғат тағдыры

Ортайып барады өзенім,
Өртеніп барады өзегім.
Сарқылып барады көлдерім,
Кенезем кеуіп шөлдедім.
Суалып бастаулар, бұлағым,
Булығып, қыстығып жыладым.
Қурап бір қалғанда құрағым,
Білмеймін мен қалай құладым.
Қырылып біткенде құстарым,
Қос қолдап жағамды ұстадым.
Аңдарың алысқа ауғанда,
Көрмедім іздерін таудан да.
Қырқылып жатқанда талдарым,
Шайналды амалсыз бармағым.
Кесіліп жатқанда қарағай,
Тəніме салған бір жарадай.
Солғанда тамырдан жас қайың,
Жүрегім мұздады тастайын.
Отын боп жатқанда терегім,
Білмеймін не айттым, не дедім.
Оталып біткенде орманым,
Ойсоқты осылай болғаным.
Құлазып даладай көңілім,
Өксіді осылай өмірім.
Өмірге не қалды тиянақ,
Бұл неткен сұмдық ед, қиянат.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу