Өлеңдер ✍️

  13.05.2022
  100


Автор: Сәуле Досжанова

Жетімханада

Жетімхана.
Тас бөлме..
Бала жатыр қуыста.
Түрі бейне аш кене,
Қолына нан уыстап.
Көздерінде – қорқыныш,
Қабағына мұң ілген.
Жоқ ешқандай тартылыс,
Мына өмірден түңілген.
Жамылғысы үстінде –
Бит қабығы секілді.
Сыр ашпайды ешкімге,
Сөйлемеуге бекінді.
Жайы қандай екен деп,
Сұрайтындай кімі бар.
Сол қуысты мекендеп,
Қиялымен жылынар.
Бала емес пе, жаны пәк
Арманға бір батады,
...Ақ мамасын тауып ап,
Құшақтасып жатады...
Мойынына асылып,
Еркелейді, жылайды.
«Мені кімге ашынып,
Тастадың деп сұрайды».
...Баяғыда мұның да,
Бар еді әке-шешесі.
Жүгіретін құлындай,
Жерге тимей өкшесі.
Үйлері де болатын,
Күйлері де жайлы еді.
Аяқасты қанатын
Жайып үйге қайғы енді.
Жан көкесін көшеде,
Көлік қағып мерт болды.
Ес қалмады шешеде,
Жазылмайтын дерт болды.
Қара шашын жайып сап,
Қала кезіп жүретін.
Адамдарды айыптап,
Сақылдап кеп күлетін.
Күндердің бір күнінде
Ана кетті жоғалып...
Қарт әже пеш түбінде
Отыратын омалып.
Жетім кемпір, жас сәби
Қыста қатты жүдеді.
Терезе мұз, тастай үй
Сыртта боран үдеді.
Сорлы кемпір сол қыста
Жете алмады көктемге,
Болмады ешбір туыс та,
Сәбиді алып кеткенге.
Жалғыз қалған байғұсты
Алды жетімханаға.
Бақытты өмір айға ұшты,
Жат ортаны паналап.
Содан бері қанша қыс,
Қанша көктем, күз келді.
Ақ мамасын аңсады,
Үмітін бір үзбеді.
«Бір күн келіп қалар»,- деп,
Елеңдеумен жүреді.
«Мені тауып алар»,- деп
Дүрсілдейді жүрегі.
Бала емес пе, жаны пәк
Арманға бір батады,
...Ақ мамасын тауып ап,
Құшақтасып жатады...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу