Өлеңдер ✍️

  13.05.2022
  167


Автор: Сәуле Досжанова

«Қарағым, сен соғысты көрмедің..»

Иә, апа, мен соғысты көрмедім,
Дүниеге тыныштықта келгемін.
Майдангердің перзентімін бірақ та,
Бейбіт күнде түгендеген төлдерін.
Менің анам соғыс жұтқан жастығын
Еске алатын, іші күйіп кешқұрым.
«Арба көрсе елеңдеумен өтті апам,
Арман болып, арба әкеткен қос құлын...
Күйеуі мен үш өрені бір айда
Аттанғанда жүрек шіркін шыдай ма?
Күніменен қырман басып қалжырап,
Түніменен жалбарынды Құдайға.
Біз үш қызы үш еліктей елеңдеп,
Жан көкем мен ағаларым келер деп,
Күніменен масақ теріп маужырап,
Түніменен хат жазушы ек өлеңдеп.
Балалықты туа сала жерлептік,
Бала болып бір ойнамай ержеттік,
Бесігінен балалықтың шыға сап,
Бойжеткеннің есігінен төрлеттік.
Әке қалды орманында орыстың,
Егіз ұл да ажал қуып жарысты.
Үлкен аға мүгедек боп оралды,
Отбасына орнына үш арыстың.
Үш бүктеліп жаудан келген қазадан,
Үш арысын жоқтауменен әз анам
Ағамыз бен үш елігін жетім ғып,
Көзін жұмды соғыс берген жазадан.
Ата-анасыз қалған жалғыз біз ба едік,
Алғы күннен тәтті үміт іздедік,
Үйлендіріп тірі келген жалғызды,
Ал үшеуін ғұмыр бойы іздедік.
Соғыс жылғы қыздар ерте бойжетті,
Аман келген майдангерде ой көп-ті,
Соғыс салған қайғы ауыр болса да,
Жеңістен соң ауылдарда той көп-ті.
Мен де ұстап бір әскердің қолынан,
Ұзатылдым, қалмай тағдыр жолынан.
Көп ұзамай қос сіңлім де қоштасты,
Балалықпен ұстатпаған жалынан.
Өтті солай біздің ащы балалық,
Майдан менен тыл ішінен жан алып.
Қыз болып та жарытпадық гүлге ұқсап,
Бозбалалар көз салатын қадалып.
Маңайыңда жетім менен жесір көп,
Барлығына қамқор болдық есіркеп.
Орынына опат болған жандардың,
Берді Құдай өздеріңді өсір,- деп».
Осылайша анам бізге үнемі,
Сыр айтқанда ауыратын жүрегі.
Ал, әкеміз он жетіде қан кешкен,
Сұрасаң да жақ ашпайтын, түнеріп.
Жамбасында қалған бір оқ әкеме,
Өмірбойы серік болды етене.
Анам жылап еске алатын Жеңісті,
«Қос бауырдың тірлігіне жете ме?»
Солай, апа, көрмесек те соғысты,
Ата-анамыз соғыс көріп табысты.
Соғыстан соң туылсақ та дәл біздер,
Тағдырымыз қайғысымен қабысты.
Жаралы да, қаралы да жылдары
Біздер тудық жалғастырып жылғаны.
Опат болған боздақтардың орнына
Біздер өндік сәмбі талдай ырғалып.
Дірілдетіп, дүрілдетіп жер бетін,
Өтті соғыс көрсеткендей ерге сын.
Біздер тудық қан майданда жоғалған
Елестетіп жауынгерлер келбетін.
Иә, біздер соғыстан соң төлдедік,
Жылағанды жұбаттық та ерледік.
Жетім-жесір, зарлап қалған жандардың
Қабағына қарап өсіп шерледік.
Содан ба екен жүрегіміз тым нәзік,
Жылағанды жұбатамыз жыр жазып.
Қай заманда туылсақ та ТЫНЫШТЫҚ
Бәрімізді матастырар бір қазық.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу