Өлеңдер ✍️

  13.05.2022
  139


Автор: Сәуле Досжанова

Қайырлы таң нұрлы Отан

Қайырлы таң, Астана!
Қайырлы таң, нұрлы Отан!
Сыр ашпаған басқаға
Жүрегімді жырлатам.
Көңілімнің көгіне,
Бұлбұлдарын сайратам,
Өңіріңнің төріне
Жыр қазанын қайнатам.
Тәуелсіздік, азаттық
Әлқисасы тірліктің.
Жүз ұлт сыйлап қазақты,
Бауыр болып бірлікті.
Көк байрағың желбіреп
Көкте күнмен таласты.
Туған халқың елжіреп,
Қуанышпен қарасты.
Жас мемлекет десек те,
Жаңа астана құрадың.
Әлемдегі есепте
Еуразия тұрағың.
Жаңа астанаң– бас қала,
Құлаш жайып барады.
Жаңа ордаңа Астана
Әлем назар салады.
Орта Азия көгінде
Шырағдандай жанасың,
Салтанатты шеруге
Барыс болып барасың.
Арқа жақтан тасқындап
Көмір, темір шығады.
Маңғыстаудың астында
Қара алтынның бұлағы.
Оңтүстікте– ақ мақта,
Солтүстікте– ақ бидай.
Батысыңда– ақ қайың,
Шығысыңда– қарағай.
Жетісу– жер жәннаты,
Көкөніс пен жеміс көп.
Алатау мен Алматы –
Қалды екінші өріс боп.
Көк тіреп Хантәңірің,
Қарт Каспийің толқиды.
Атырау-Алтай өңірің,
Дәулеті тасып шалқиды.
Есілдің бойын жағалай,
Ел қондырдың әулетті.
Қалыңдығы қоғадай
Жиып бердің дәулетті.
Ортасына айбатты
Ақ ордаңды орнаттың,
Көтеріп көк байрақты,
Қыраныңды самғаттың.
«Қазақ елі» көк тіреп,
«Перамидаң» жер тіреп,
«Бәйтеректі» орнаттың,
Ел орданың көркі деп.
Қайырлы таң, Астанам!
Қайырлы таң, нұрлы Отан!
Сенен шабыт бастаған,
Жүрегімді жырлатам.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу