Өлеңдер ✍️

  12.05.2022
  180


Автор: Сабырхан Асанов

Бойдақ күнім

Қайдасың сал боп өткен бойдақ күнім,
көңілім көптен бері қойды аптығын.
Үстінен дауыл өткен ормандай боп,
жатырмын сені алыстан ойлап бүгін.
Қайдасың, көптен бері таппай қалдым,
кермеңе келіп еді ат байлағым.
Қанаты талмай өткен қыран құсым,
ойнақтап өткен ерке ақ тайлағым.
Кіріп ең ерте-ақ жігіт санатына,
жастай мен күйіп едім сан отыңа...
Алматы қайдасың деп ұшқан күні,
кеттің бе, самолеттің қанатында.
Студент боп жүрсің бе күлімсіреп,
жатағың – жайлы орның боп бірінші рет.
«Қалдық деп, лекциядан» жүрсің бе әлде,
бозарып таң шығыстан білінсе тек.
Сен онда, сақал, мұртсыз балғын жас ең,
көрінген айдарынан талдың да әсем...
«Пирожки» алмақ болып, үзілісте
тұрсың ба көк буфеттің алдында сен.
Жас көңлің жадыраса, жыр жайып қап,
қарамай алды-артыңа бір байыптап,
ауылға ақша сал деп жүрсің бе сен
стипендия алған сайын бір байып қап.
Думанға дуылдаған үйір едік...
Мандолда тыңқылдатып күй үйреніп.
Құлағы ауырлау сол Ивановтан,
жүрсің бе ақша төлеп би үйреніп.
Білгенмен, бидің нәшін таба алмасақ,
тасты әкеп таптағандай табанға сап...
Ауылдан ет келген соң,
тұрсың ба әлде,
қыздармен қатар тұрып тамақ жасап...
Шаңытқан жердің мына сиқын көріп,
жауды күн...
Жау, жау, тағы!
Құй, күн келіп,
Жатақтың оқу залы...
отырсың ба,
ауғанда түн ортасы ұйқың келіп...
Жай кезде үсті қағып, шашты сипап,
аз күндік семестрде басты қинап...
Жаз шықса, жайраң қағып жүрсің бе әлде,
«Үрлітүп», «Шоқпарларда» астық жинап.
Әйтеуір, кеттің ғой, сен еш көрінбей,
Кеттің бе қыз шіркіннің естерінде...
Жарқырап жана жаздап тұрсың ба әлде,
Қараша, Жаңа жылдың кештерінде.
Табысып таныстары,
жат танысып,
қарасқан қара көздер оттан ыстық...
Күлімдеп қолың тынбай той, жиында,
қыздармен отырмысың хат жазысып.
Достармен тайдай ойнап, тебісіп ек,
қасымда қазір соның көбісі жоқ.
Жүрсің бе, дос көйлегін тартып киіп,
жүрсің бе, достың нанын бөлісіп жеп.
Бір ойлар топырлап кеп састырардай,
бір үміт көкіректе қаз тұрардай...
Есігін газет, журнал қымсына ашып,
жүрсің бе өлеңіңді бастыра алмай.
Не жетсін ат білісіп, жүз көргенге,
сен солай боз бала ең-ау біз көргенде...
...Жатаққа келе жатып қуанушы ең,
қасынан қызыл-жасыл қыз көргенде.
Қарамай ыстығына, ақпанына,
құбылған қызыл кеші, ақ таңында,
қыздармен қол ұстасып жүрсің бе, сен,
Алматы көшесінде, бақтарында.
Барушы ек үйді айналып, дуал асып,
есікті қыз тұратын қуана ашып...
Ентігіп сол қалпыңмен жүрсің бе әлде,
төсінде Алатаудың қуаласып...
Кезігіп бұл өлеңді оқырсың ба,
ұшқындап сонда бетке от ұрсын да...
Жастық шақ жайлы әлде кино көріп,
қараңғы залда қызбен отырсың ба.
Ой, кез-ай, сырларды анық білдіретін,
байқайтын келіп оны жүрді реті...
Жазықсыз жанар толған жасқа айналып,
кеттің бе қыз көзінде дір-дір етіп.
Жер бетін шола жүріп кезіп келем,
Айыпты жандай және сезіктенем.
«Жар бол» – деп мен бір қызды құшқан күні,
кеттің бе бір жолата безіп менен...
Қайдасың сал боп өткен, бойдақ күнім,
көңілім көптен бері қойды аптығын.
Үстінен дауыл өткен ормандай боп,
жатырмын сені алыстан ойлап бүгін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу