Өлеңдер ✍️

  12.05.2022
  103


Автор: Сабырхан Асанов

Өтті ғой

Өтті ғой күндер, көзді сүзіп жүрген,
құрбының көңіл күйін біліп жүрген.
Қыздарды қызыл-жасыл қырғауылдай,
қиғаштап қыран құстай іліп жүрген.
Өтті ғой, өтті күндер күліп жүрген,
асаудай арқан-жіпті үзіп жүрген.
Зымырап ұлы-кіші айдындарда,
кемеміз қайырылмай жүзіп жүрген.
Өтті ғой, талай таңдар алаулаған,
өтті ғой, талай кештер талаураған.
Өтті ғой, өтті-ау, пай-пай, болған күндер,
қыздарға көп ішінен қалаулы адам!
Езіліп қалған қазір еріншектеп,
елеусіз жайын-күйін көңіл шертпек,
әттең-ай, сызылған сол, сол қыздардың,
бүгінде кетті-ау бәрі келіншек боп.
Бұл мезгіл
көктегі ұшқан бұлттардай,
өтерін біліп бір күн, жүріпті алдай.
...Шіркін-ай!
неге асып кетті бұл жас,
шіреніп жиырма бесте тұрып қалмай!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу