Өлеңдер ✍️

  12.05.2022
  109


Автор: Сабырхан Асанов

Күндер өтіп, түндер өтіп не түрлі...

Күндер өтіп,
түндер өтіп не түрлі,
басып тұрмын мына жиырма жетіңді.
Балаларым жүр мені айналып, «папалап»,
жерді айналған спутниктер секілді.
Біреу емес,
екеу емес,
үш боп тұр,
әкелікті мойындамау күш боп тұр.
Қайран көңіл,
жүріп қалған алаңсыз,
бас бармақты азуға сап тістеп тұр.
Паспорттағы жастың саны асса да,
үлкендікті білдірмеуші ек басқаға.
Жап-жас болып қарай ғана қалушы ек,
көрінсе бір тәп-тәуір қыз-жас бала.
Енді соның бәрі біткен секілді,
қарау қайда.
Бұра алмаймын бетімді.
Динам, Алмам, Әзілханым, өздерің,
алдыңдар да, биледіңдер еркімді.
Бірің – маған сана болып ендіңдер,
бірің – маған дана болып келдіңдер,
бірің – енді көн, деп кеңес бердіңдер,
жеңілмеп ем мезгіл деген мықтыдан,
әй, тентектер, сендер мені жеңдіңдер




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу