Өлеңдер ✍️

  12.05.2022
  152


Автор: Сабырхан Асанов

Жылап ал, жаным...

Жылап ал, жаным,
кеткен сол жырақ жыл үшін,
келеді жасың сүйретіп қыстай қылышын –
қырықтан астың,
елу де міне таяп тұр,
жылап ал, жаным,
жаралған мөлдір жыр үшін.
Жылап ал, жаным,
жылап ал, жаным, жылап ал,
жаныңнан жүйрік составтай болып жыл ағар.
Жылап ал, жаным,
жылап ал ұзақ
кезді ойлап
құлпырған гүлдей...
деміңді сөйтіп бір-ақ ал.
Жылап ал, жаным,
қосылып мен де жылайын,
кеудемде мынау бір өксік көптен жүр дайын;
гүлдерім қайда,
жапырақ қайда жап-жасыл,
күз күні әбден тоналған бақтай жұрдаймын.
Жылап ал, жаным,
қапалық қатты кемісін,
мұз болып қатқан мұң-қайғың біраз ерісін.
Жылап ал, жаным,
көзіңнің жасын көл қылып,
бір өзің үшін,
бір өзің үшін, мен үшін...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу