Өлеңдер ✍️

  12.05.2022
  97


Автор: Сабырхан Асанов

Бұл жүрек, себебін кім білген, кетеді дүрсілдеу

Бұл жүрек,себебін кім білген,
кетеді дүрсілдеп.
Сені жұрт мақтайды, жүрмін мен
сол рас болсын деп.
Бір жүрсем, қадірлей қоймаймын,
күнұзақ шатынап.
Ұзасам,сен жайлы ойлаймын
төсекте жатып ап.
Тап өзің келгендей, қасымнан
қарайды көздерің.
Қолдарың кетпейді шашымнан,
естіліп сөздерің.
Сыбырлап не дейсің, жарығым,
кеңес пе,
кейісің бе?
Күндізгі күйбіңнің барлығын
ұмытшы, дейсің бе?
Киім де, тамақ та табылар,
табылар қалғаны.
Дейсің бе:
жүрегім сағынар
сен болсаң болғаны.
Бар сенде:
сыйлы іні, сыйлы аға,
бекерге жасыма.
Ыза боп, жаныңды қинама,
кей жалған досыңа.
Елеме сырттағы қыс айын,
ой қумай, тоқташы,
кеудеме қысайын, құшайын,
дейсің бе, ұйықташы...
Бұл жүрек, себебін кім білген,
кетеді дүрсілдеп.
Сені жұрт мақтайды,
қуанып жүрмін мен,
сол рас болсын деп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу