Өлеңдер ✍️

  12.05.2022
  122


Автор: Сабырхан Асанов

Менің махаббатым...

1.
Сенсің, менің билеушім, әміршім де,
Тырп еткізбей қоятын тәңірсің де.
Саған ғана бағынам жер бетінде,
Күш-қуатын жүректің танырсың деп.
Сен биіксің барлық бар биіктерден,
Бар биікті алдыңа иіп берген.
Сен тазасың,
сен таза мөп-мөлдірсің,
Құраған
көз жасы мен құйып терден.
Кім бар қане, бір саған тең келетін?!
Не данышпан сен десе, сенделетін.
Әнші біткен бір сен деп ән салатын,
Ауру біткен сенімен емделетін.
Сен өткірсің отты сөз, отты ісіңмен,
Қыз боп менің шықпаушы ең көп түсімнен.
Жарым болып жатырсың жаныма кеп,
Сенде ғана қиянат жоқ деп түсінем.
2.
Басқа емес, белгілі ғой жайым саған,
айтайын,
көрінсе де ұят мұным:
Кеп-кеше кездессем де, жаным саған,
Туғалы бірге жүрген сияқтымын.
Қармалап не ғылайын басқа жақты,
Жанарың – жарқыраған шуақ күнім.
Епті ерін,
күлімдеген қас-қабақты
Туғалы көріп жүрген сияқтымын.
Қандай жан қайтіп қана ұмыттым дер,
Көңілдің, мықты болсаң, тый аптығын!
Есті алса қызық күндер, қылық күндер,
Туғалы біліп жүрген сияқтымын.
Арманым алдымда тұр әзір астай,
Өмірден дәл өзімдей сый апты кім?!
Біз енді айрылыспай, ажыраспай,
өлсек те бірге өлетін сияқтымын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу