Өлеңдер ✍️

  12.05.2022
  93


Автор: Сабырхан Асанов

Жайым бар

Алатауда,
Алматыда жүріп жатқан жайым бар
Алатауда,
Алматыда еседі аппақ қайыңдар.
Алатауда,
Алматыда жылдар жылдан құралып,
күннен-түннен тұратұғын аптам да бар, айым бар.
Алатауда,
Алматыда күліп жүрген жайым бар,
бақыттың не екендігін біліп жүрген жайым бар.
Жерде аяңдап жүрсем дағы
көңілдің от жалауын,
алаулатып көк төсіне іліп жүрген жайым бар.
Алатауда,
Алматыда тойлап жүрген жайым бар,
терең көрсем,
сүңгіп кетіп, бойлап жүрген жайым бар.
Өлу үшін тусам дағы өзге жандар секілді,
өлмеу жайын,
өшпеу жайын ойлап жүрген жайым бар.
Сырдың бойын жайлап жатқан жырға
тұнған елденмін,
қыры, құмы,
тоғай– нуы нұрға тұнған елденмін.
Алатауға,
Алматыға кіл жақсылар жиылды.
дегеннен соң,
соның бірі болсам ба деп келгенмін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу