Өлеңдер ✍️

  12.05.2022
  83


Автор: Сабырхан Асанов

Қалаубек ағаға

Үлкен демей, кіші демей,
бірге жүрдік, бірге өстік.
Тынық Мұхит, Балтық теңіз
толқындарын бір кештік.
Қырғыздардың Алатауын
биіктетіп бірге астық.
Ақ Еділдің аспанында
ақ бұлт болып бір көштік.
Қаншама бір кезіміз бар
қиындықтан қайтпаған,
Ораза бар, қызықтар бар
қыз-қырқынмен айттаған.
Қаншама бір жырымыз бар,
сырымыз бар жасырын,
басқа түгіл, Нағиманың
өзіне де айтпаған.
Темірқанат қыраңдармен
бірге қанша ұшыстық.
Қаншама рет таяп бардық
күнге түрі, түсі ыстық.
Қаншама рет оралсаң сен
сапарлардан есен-сау,
Жерде тұрып, елде тұрып,
ұзақ-ұзақ құшыстық.
Сөздерің бір шырын екен,
сөздерің бір бал екен,
Соны тындап білді, сезді
мына жатқан дала кең.
Тұлпарлардың тұяғысың
жеткен сонау заманнан,
Сен де олардан кем емессің,
сен де ұлысың, Қалекем.
Халқың үшін қайыспасаң,
алған бағаң аз әлі,
Біз секілді інілерің
оны талай жазады.
Қатпары көп қалың тарих
тереңінде жатарсың,
Қазақтардың Якуты да,
Якуттардың қазағы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу