Өлеңдер ✍️

  12.05.2022
  99


Автор: Сабырхан Асанов

Абай тойы

Бір үлкен той,
үлкен той жақындады,
Ұлы атамыз
Абайдың атындағы.
Дайындалып
жер жүзі жатыр соған,
әсіресе,
аңқылдақ ақындары.
Дайындалса
тәуелсіз қазақ елі,
кеше ғана
қаралы, азалы еді.
Еркін елдің
еркін ұл, еркін қызы,
еркін ойдың
қанатын жазады енді.
Ән шырқалып,
күй де әсем шертіледі,
Абай атам
жазады дертін енді.
Би биленіп
ортада дөңгеленіп,
тұйық қалған
халқым бір желпінеді.
Көкпары да,
бәйге де басталады,
қалың елдің
күлімдеп қас-қабағы
дуылдатқан
даламды бұл дүрлігіс,
ауылдар мен жалғайды астананы.
Қуанғаннан
көзден жас ыршып әлі,
кеуделерде
жанады нұр шырағы.
Жалғыз ғана
ақынның арқасында,
қазақ аты,
әлемге бір шығады.
Шаңын көкке
шығарып ақ даланың,
арғымақпен
сол тойға аттанамын.
Болмасам да
атамдай алып ақын,
кішкене ақын
болғанға мақтанамын.
Ұят болар
мен мұны ұға алмасам,
көкірегімнен
көп өлең құлар қашан.
Қарап тұрған
қалың жұрт қапа болар,
халқым атын
мен де бір шығармасам...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу