Өлеңдер ✍️

  12.05.2022
  64


Автор: Сабырхан Асанов

Неге келдім ауылдан?

Неге аулымда тыныш жүре бермедім,
аз ба еді онда алданышым, ермегім.
Жырмен жаулап аламын деп әлемді,
бекер болды-ау Алматыға келгенім.
Неге келдім симастан сол далаға,
таза жаны ұқсаған жас балаға.
Нем бар еді
тыңдай-тыңдай сезімді,
түсінбестен кеткен мына қалада.
Көмескілеу тартып көзде жасын-нұр,
көп жұмбақтан қатып кетті басым бір.
Қажет болмай өлеңім де, өзім де,
жалғыз қалдым есейгеңде жасым бұл.
Өшіргендей болып кеудем отын мың,
өте кештеу ойсырадым, опындым.
Көп ойлантқан қаладан да кете алмай,
аулыма да жете алмастан отырмын.
Мөлдірейді көз ұшында шық-далам,
паналаған,
талай мендей ықтаған.
Асандардан– асып туған талайдан –
бекер ғана Асанқайғы шықпаған..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу