Өлеңдер ✍️

  12.05.2022
  109


Автор: Сабырхан Асанов

Ақын деген ары емес пе бұл елдің...

Ақын деген ары емес пе бұл елдің,
ақын деген нары емес пе бұл елдің.
Қуанғанда,
көп төгілген күлкісі,
қайғырғанда,
зары емес пе бұл елдің.
Ақын деген ойы емес пе бұл елдің,
ақын деген тойы емес пе бұл елдің.
Асқар таудан асып түсер теңессе,
еңсесі мен бойы емес пе бұл елдің.
Ақын деген гүлі емес пе бұл елдің,
ақын деген күні емес пе бұл елдің.
Абайлар мен Тоғжандарды қыдыртқан,
айы жарық түні емес пе бұл елдің.
Ақын деген таңы емес пе бұл елдің,
ақын деген сәні емес пе бұл елдің.
Азабына алдыменен шырқырар,
жалғыз шыбын жаны емес пе бұл елдің.
Ақын деген әні емес пе бұл елдің,
ақын деген әрі емес пе бұл елдің.
Өткен күні,
қазіргісі,
ертеңі –бәрі, бәрі, бөрі емес пе бұл елдің.
Қызықтарға қайрылмады бірер күн,
жұрт қамы деп жүре алмайды бір еркін.
Патшалардан ел басқарған, шаршаған,
міндеті ауыр екендігін білер кім?!
Ақын деген ары емес пе бұл елдің,
ақын деген нары емес пе бұл елдің...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу