Өлеңдер ✍️

  12.05.2022
  95


Автор: Сабырхан Асанов

Ақындардың жүрегі

Сыздамаңдар, ақындардың жүрегі,
қызба да аңғал ақындардың жүрегі,
Бұл дүниенің тауқыметі аздай-ак,
қызда нең бар, ақындардың жүрегі.
Өртенбеңдер, ақындардың жүрегі,
ерте өлмеңдер, ақындардың жүрегі.
Бүгін бәрің жоқ боп кетіп жүрмеңдер,
ертең де бар, ақындардың жүрегі.
Алданбаңдар, ақындардың жүрегі,
арбалмаңдар, ақындардың жүрегі,
сәбидей ғып кетсе біреу жетелеп,
таңғалмаңдар, ақындардың жүрегі.
Жалынбаңдар ақындардың жүрегі,
жалындаңдар, ақыңдардың жүрегі.
Бар жақсылық күн көріп тұр сендермен,
жарылмаңдар, ақындардың жүрегі.
Адам-ата, әлімсақтан таралған,
заң-жоба бар айнымайтын әр алуан.
Сендерсіндер қазекемнің боз қойы,
халық үшін құрбандыққа жаралған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу