Өлеңдер ✍️

  12.05.2022
  94


Автор: Сабырхан Асанов

Ақындық деген...

Ақындық деген
сақтанбау, абайламау,
алға қарау,
арт жаққа қарайламау.
Өзі жанып кетсе де,
өзгелерге
сәуле төгер
нұр төгер арайлы алау.
Ақындық деген
жасқанбау, жалтақтамау,
қорқып, үркіп әр неден қалтақтамау.
Ел алдында жүріп мерт кетсең дағы
ел соңында ез болып салпақтамау.
Ақындық деген –
қулыққа бой алдырмау,
ақты көк деп,
көкті ақ деп бояндырмау.
Қулықпен де біраз іс бітірдім деп,
кеуделерде ыза, кек ояндырмау.
Ақындық деген
көзсіздік, есепсіздік,
көкіректен бұл ойды кеш өткіздік.
Айласы көп өмірде айласыз боп,
арыстандай ақыру– десек– бізді ұқ!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу