Өлеңдер ✍️

  12.05.2022
  99


Автор: Сабырхан Асанов

Орал, жастық шақ..

Орал, орал, орал шағым, жас шағым.
Мен білмеймін,
бүгін қанша жастамын.
Көз ұшында күліп тұрған өзіңді,
көз ұшында тұрып іздей бастадым.
Орал деген, бәлкім, әлде қыз аты,
жүрегімде қалып қойған сызаты.
Қайтқан құстар қиқулатса аспанды,
қимай-қимай тұрмын қарап ұзатып.
Орал, орал, орал менің жас күнім,
орал менің тау суындай тасқыным.
Қыз күлкісі кетсе естен тандырып,
тарқалмай жүр әліге дейін мастығым.
Орал, орал, орал менің гүл күнім,
тыңдап өскен найзағайдың күркүрін.
Өзің қозғап кеткен жанартау жүрек,
тұрады әр кез әліге дейін сілкініп.
Орал, орал, орал жұпар шағым бір,
көргендерім боп кетпесін сағым бір.
Тамырларда өзің кеткен тулатып,
әлге дейін алай-дүлей ағын жүр
Содан бері өтіп кеткен қанша уақ,
қалай ғана аман-сау жүр жан шыдап.
Орал, орал, орала гөр, жас күнім,
мөлдір шық боп жазғы танда тамшылап




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу