Өлеңдер ✍️

  12.05.2022
  100


Автор: Сабырхан Асанов

Егделікті баспа менің бетіме..

Егделікті баспа менің бетіме,
қара одан да гүлжазира ниетіме.
Кетірем деп жүріп менің бағамды,
өз бағаңды кетірме.
Болсам да егде,
қалған жоқпын дүрмектен,
беу, кештер-ай, ақ таңдармен бірге өткен.
Құшағымда талықсыған талай бір,
талай ғана гүл көктем.
Деп өзімше көтергенмен еңсені,
кете алмаймын бұрынғыдай белсеніп.
Қайран жалын жастық саған не жетсін,
білемін ғой мен сені.
Айта берсе,
қасиетіңде көп енді,
қозылардай кернеп кеткен көгенді,
айрылысу оңай болса біздерге,
осыншама жазар ма едім өлеңді?!
Өзіңменен өзгеше едім, бай едім,
аралаған жұлдыз елін, ай елін.
Бара жатса жырлар қаптап сен жайлы,
жетер, жетер деп қояды әйелім.
Бәлкім жетер,
бәлкім жетпес, кім білген?
әй, көктем-ай, күмбезіне күнді ілген.
Ата-аталап немерелер ұмтылса
шүкір-ай деп, шын көңілден күлдім мен.
Қыстай қатып-семіп шыққан қырқаны,
кілемдей боп көгал жауып тұр тағы.
Қызғалдақтай ары-бері жүгіріп,
түрлентіп тұр Асановтар ұрпағы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу