Өлеңдер ✍️

  12.05.2022
  94


Автор: Сабырхан Асанов

Көшелер де дәл бүгін екен ерек

Көктем әлі біткен жоқ жер көгеріп,
Тұрмын оны мен көріп,
Ел де көріп.
Қызғалдақтар қыздардай қыландаса,
қырда көрік бар қанша, белде көрік.
Алатаудан ақша бұлт ұшар әлі,
аспан төсін аймалап, құшар әлі.
Бірі қонып қиялдың, бірі ұшқан,
көңлім менің– қиқулы құс аралы.
Қаншама мен қызмет атқардым деп,
самал емес самал да– жатқан міндет.
Тырналардай тізілсе тракторлар,
есті алады бір шеттен бақтар гүлдеп.
Кетсе кернеп қозылар, лақтар үні,
жазирам да ызғардан жатты арылып.
Ақырындап ақпастан, аунамастан,
төгіледі бұлақтар ақтарылып.
Көтерілсе күн сәуле– уықпенен,
мен де қалмай соңынан қуып келем.
Күйіп-жанып,
әп-сәтте қыз-қыз қайнап,
артынша тез қалтырап, суып денем.
Қала ішіне кеткен бе өрнек толып,
қол соза ма көмегін бермек болып.
Бір қуаныш көзімде мөлт-мөлт етер,
жұрт ішінен біреуді көрмек болып.
Көшелер де дәл бүгін екен ерек,
жетелемек,
мені алға жетелемек.
Көктем әлі біткен жоқ, шүкір-шүкір,
қорқам бірақ бітіп те кете ме деп...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу