Өлеңдер ✍️

  12.05.2022
  106


Автор: Сабырхан Асанов

Ескерткіш




Ажалдың кім құтылған өнерінен,
ерте ме,
кеш пе, әйтеуір, өлемін мен.
Қолымнан кеп тұрғанда, өзіме-өзім
ескерткіш орнайтын өлеңімнен.
Қалсын ол аспан асты, жер бетінде,
деп біз де талай ойды тербетіп ек.
Ақсақал секілденген қолын жайған,
атақ-даңқ,
абыройды ерге тілеп.
Көзіне кеудесіне толғанда мұң,
десін ол тебіренді, толғаңды мың.
Сұлудың сыбырласын құлағына,
мендей де жанның бір кез болғандығын.
Болмашы,
сәл нәрсені үміт қылып,
жылап та қаларымды күліп тұрып.
Ауысқан,
аласапыран замандарда,
атымды жібермесін ұмыттырып.
Айтсын ол күйгенімді– сүйгенімді,
Имейтін жандарға бас игенімді
Кей кезде абайламай артық кетіп,
тимейтін көңілдерге тигенімді.
Айтсын ол,
айтсын және күлгенімді.
арманды ақ жұлдызға ілгенімді.
Біреудін білгендерін білмей қалып,
біреудің білмегенін білгенімді.
Көбейіп кеткенімен тойға ергенім,
ішінде болғанымды ой– бәйгенің.
...Кім білген,
мен кеткесін,
бір белгіні
басыма қоя ма елім,
қоймай ма елім?!







Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу