Өлеңдер ✍️

  12.05.2022
  82


Автор: Сабырхан Асанов

Тойлай алмай қалыппын тойларымды...

Тойлай алмай қалыппын тойларымды,
қызығатын,
қимайтын қалып тұр не?!
Жер бетіне сыймаған ойларымды,
жер астына кетермін алып бірге.
Қарсы келіп,
қасарып жоқ таласқым,
құласа онда кеудемнен ағын-арна
күн-түн демей сайраймын, тоқтамастан
тындайтын жан бірақ та табылар ма?!
Қаншама арман қиял боп қалды ойымда,
әншейін бір тілек боп, өтініш боп.
Толықсыған,
толқыған тал бойымда
қысқа өмірде жиналған өкініш көп.
Тойлай алмай қалыппын тойларымды,
қызығатын,
қимайтын қалып тұр не?!
жер бетіне сыймаған ойларымды,
жер астына кетермін алып бірге!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу