Өлеңдер ✍️

  12.05.2022
  124


Автор: Сабырхан Асанов

Күз келді, бақтардан сән кетті...

Күз келді,
бақтардан сән кетті,
сән кетті жайнаған, әл кетті
Ақырын әлемді кезген жел,
жүдеулеу көңілмен әндетті.
Күз келді,
құстар да жатты ауып,
жаз қалды шешілмей көп дауы.
қыс та ертең келер-ау деген бір,
көңілге оралып көп қауіп.
Күз келді,
суыды тас қайнар,
тауларда басқа айбат, басқа айбар.
Тып-тыныш мүлгіген әлемді,
тып-тыныш мүлгіген басты ойлар.
Таң сайын ерініп күн шығып,
сай жатты тұманнан тұншығып.
Жаз бойы жұлқынған жүрегім,
күзбенен бірге сәл тыншыды.
Ертең-ақ айтар жел қар әнін,
соны ойлап тоңып мен барамын,
Қырық жыл бір жүріп, бір тұрып,
жалыны жылытқан, қарағым.
Ылғи да тілеппін саған жол,
білмеймін, берген бір бағым ба ол!
Қайтқан құс мені алып бара ма,
қалсаң сен– аман бол, аман бол?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу