Өлеңдер ✍️

  12.05.2022
  82


Автор: Сабырхан Асанов

Бітер істің мыңнан бірі біткен жоқ...

Бітер істің мыңнан бірі біткен жоқ,
бітпеді деп күндер оны күткен жоқ.
Алып-ұрып алып келді алпысқа,
қалған мына ғұмыр қысқа, жол қысқа.
Арақ-шарап...
қыз-қыдырыс...
бау дедік...
Бәрі әншейін болып кетті әурелік.
Түк бітірмей кезге жеттік кәрі бұл,
өкіндік не,
өкінбедік– бәрі бір!
Кірісемін деп жүргенде ірі іске,
мың түгілі,
бітпей қалды бір іс те.
Қалған тіпті тым жақындап арамыз,
о дүниеге не бетпенен барамыз?!
Қыран құсап бір көрінбей қиядан,
өткен бекер ит өмірден ұялам.
Көкірегімді кернемейді босқа мұң,
кеше алсандар
кешіріңдер, достарым!?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу