Өлеңдер ✍️

  12.05.2022
  102


Автор: Сабырхан Асанов

Күн астында – гүлдер өскен белде өстім...

Күн астында
гүлдер өскен белде өстім,
Күн астында
самал өскен белде өстім.
Қысқа өмірде
мына қысқа өмірде,
мәңгілікпен
келер менің белдескім.
...Бір кеткен соң,
сірә қайтып келмеспін?!
Күн астында
айдын шалқар көлде өстім,
Күн астында
құлан аспас шөлде өстім,
қысқа өмірге,
мына қысқа өмірге,
бір келген соң,
дейсіз, досым, өлмес кім?!
Сондықтан да
мәңгілікпен белдестім.
Күн астында
баулар ескен тауда өстім,
Күн астында
қыздар өскен бауда өстім.
қысқа өмірде,
мына қысқа өмірде,
қызығына (қылығына)
тояр емеспін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу